Қазақстанда жол саласын, оның ішінде тас жолдардың сапасын тексеру жұмыстарын цифрландыру бағытындағы ауқымды өзгерістер Атырау өңірінде де кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Бүгінде жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау, зертханалық сараптамалар жүргізу және жол инфрақұрылымын басқару жүйелері жаңа технологиялармен жаңғыртылып жатыр. Бұл бастамалар жол сапасын арттырумен қатар, ашықтықты қамтамасыз етіп, саладағы тиімділікті күшейтуге бағытталған. Соның бірі - «E-Joldar» бірыңғай цифрлық платформасы.
Жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жол саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмасы аясында қолға алынған. Платформа халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар туралы барлық ақпаратты бір жүйеге біріктіреді. Бұл туралы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Атырау филиалының директоры Аслан Дюсенов айтты. Ол филалда жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалармен таныстырды.
Жер аумағы бойынша әлемде 9-шы орынды алатын Қазақстан автожолдардың ұзындығы бойынша 32-ші орында тұр. 185 мың шақырым жолдың 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар тас жолдар. 70 шақырымы облыстық және аудандық маңызға ие болса, қалған 90 шақырымы елді мекендердегі көше жолдары. Жаңа жүйе арқылы осы жолдардың техникалық паспорты жасақталып, олардың ұзындығы, жабын түрі, жауапты мекемелері мен техникалық сипаттамалары туралы деректер цифрлық базаға енгізіледі екен. Сонымен қатар, жүргізіліп жатқан және алдағы уақытта жасалатын жөндеу жұмыстары жөніндегі мәліметтер, қаржыландыру көлемі мен мердігер ұйымдар туралы ақпарат та жүйеде қамтылады.
«Платформаның маңызды бағыттарының бірі — қоғамдық бақылау тетігі. Бұл арқылы тұрғындар жолдағы ақауларды фото және бейнематериалдармен тіркеп, тиісті органдарға жібере алады. Сондай-ақ өтініштердің қаралу барысын онлайн бақылауға мүмкіндік беріледі. Алдағы уақытта жүйеге аналитикалық модульдер енгізіліп, жолдардың жағдайына қатысты есептер мен салыстырмалы талдаулар автоматты түрде жасалады дейді, филиал директоры А.Дюсенов.
Айта кетейік, бұл жоба екі кезең бойынша 6 модульге бөлініп жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңі өткен жылы басталған. Оның аясында «Жол паспорты» модулі іске қосылыпты. Бұл модуль елдегі барлық автомобиль жолдары бойынша толық деректер базасын қалыптастырады. Яғни, жолдардың техникалық сипаттамалары, ұзындығы, жабын түрі, жол санаты және жауапты мекемелер туралы ақпарат цифрлық жүйеге енгізіледі екен.
«Қазіргі уақытта модуль пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Жергілікті атқарушы органдар жол паспорттарын толтыру жұмыстарын жүргізуде.
Атырау облысындағы жолдардың жалпы ұзындығы шамамен 7 348 шақырым. Оның 1142 шақырымы республикалық маңызға ие. Ал, 1 813 шақырым жол облыстық және аудандық, 4393 шақырым жол елді мекен ішіндегі жолдар. Сонымен қатар бірінші кезең аясында «Жол жөндеу» модулі де енгізілуде. Аталған жүйеде жүргізіліп жатқан және алдағы жоспарланған жөндеу жұмыстары туралы мәліметтер жинақталады. Онда жөндеу мерзімдері, мердігер ұйымдар, жұмыс көлемі және қаржыландыру көлемі туралы ақпарат қамтылады. Модуль ведомстволық ақпараттық жүйелермен интеграцияланып жұмыс істейді» дейді А.Дюсенов.
Ал, жобаның екінші кезеңі биыл жүзеге асырылады. Оның аясында бірнеше жаңа модуль іске қосылады. Мәселен, «Аналитика» модулі жүйедегі деректер мен сыртқы ақпараттық жүйелер негізінде түрлі есептер, диаграммалар және салыстырмалы талдаулар қалыптастырады. Бұл шешім қабылдау процесін жеделдетуге мүмкіндік береді екен.
«Жүргізуші инфоорталығы» модулі арқылы жүргізушілер нақты уақыт режимінде жол жағдайы, кептелістер, жөндеу жұмыстары, жанармай бекеттері мен қауіпті учаскелер туралы ақпарат ала алады.
Сондай-ақ «Ситуациялық орталық» модулі жол активтерін бақылауға, аналитикалық есептер жасауға, проблемалық аймақтарды анықтауға және жөндеу жұмыстарын жоспарлауға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, «E-Joldar» платформасы жол инфрақұрылымын басқарудың сапасын жаңа деңгейге көтеріп, деректердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар азаматтардың белсенді қатысуын арттырып, жол саласындағы шешімдерді деректер негізінде қабылдауға жол ашады.
Атырау облысының жол саласындағы цифрландыру үдерісі тек жолдарды басқару жүйесімен шектелмейді. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалының жол зертханасын автоматтандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Зертханаға енгізіліп жатқан жаңа технология сараптама сапасын арттырып, зерттеу жұмыстарын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, автоматтандырылған жүйелер арқылы зертханалық процестер стандартталып, адами фактордың ықпалы азаяды. Әрбір кезеңнің цифрлық жүйеде тіркелуі зерттеу жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз етіп, бақылауды күшейтеді. Сонымен бірге, мәліметтердің бірыңғай жүйеде сақталуы мен барлық өзгерістердің тіркелуі жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді.
Жыл басынан бері жол зертханасында 50-ден астам сынамаға сараптама жүргізіліп, олардың басым бөлігі қолданыстағы стандарттарға сәйкес екені анықталған. Қалған сынамалар бойынша қосымша зерттеулер жалғасуда.
Жалпы, жол саласын цифрландыру бағытындағы бұл жұмыстар өңірдегі жол сапасын бақылауды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Заманауи технологияларды енгізу арқылы жол құрылысы саласындағы ашықтық артып, қабылданатын шешімдердің тиімділігі күшейе түспек.
Ләззат Өтепова,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
