Мұнай-газ өнеркәсібі, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, экология және цифрлық технологиялар – Атырау облысы мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттарына айналуы мүмкін. Өңірге инвестиция тарту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері облыс әкімі Болат Ақшолақовтың Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлиньмен кездесуінде кеңінен талқыланды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облысы шетелдік инвестиция тарту, өндірістік әлеуетін арттыру және халықаралық экономикалық байланыстарды нығайту бағытында жұмысты жалғастыруда. Бұл ретте Қазақстанның стратегиялық серіктестерінің бірі – Қытаймен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беріліп отыр.
Осы мақсатта өткен «дөңгелек үстел» форматындағы кездесуге Қазақстанда қызмет атқарып жүрген қытайлық компаниялардың өкілдері де қатысты. Жиында тараптар өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін, өнеркәсіптік жобаларды іске асыру перспективаларын және жаңа технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында облыс әкімі Болат Ақшолақов Атырау өңірінің географиялық орналасуы, табиғи ресурстары, қалыптасқан өндірістік инфрақұрылымы мен инвестициялық әлеуеті шетелдік инвесторлар үшін үлкен мүмкіндік ұсынатынын атап өтті.
Әсіресе, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» және «Атырау» арнайы экономикалық аймақтарының мүмкіндіктеріне назар аударылды. Сонымен қатар инвестициялық тартымдылығы жоғары индустриялық алаңдар мен жүзеге асырылуы жоспарланған ірі жобалар таныстырылды.
Солардың бірі – инвестиция көлемі шамамен 120 миллион АҚШ долларын құрайды деп жоспарланған «Еуразия» технологиялық инновациялар паркі. Бұл жоба өңірдің инновациялық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа өндірістерді дамытуға, заманауи технологияларды тартуға және жоғары білікті мамандар даярлауға жол ашуы мүмкін.
Өз кезегінде ҚХР Елшісі Хань Чуньлинь екіжақты ынтымақтастықты дамытудың үш негізгі бағытын атап көрсетті. Олар – өнеркәсіп пен инвестиция, экологиялық технологиялар, сондай-ақ білім беру және гуманитарлық байланыстар.
Өнеркәсіп саласында мұнай мен газды терең өңдеу, мұнай-химия өндірісі, машина жасау және логистика бағыттары перспективалы деп танылды. Бұл салаларда Қытай компанияларының технологиялық тәжірибесі мен инвестициялық мүмкіндіктерін пайдалану Атырау облысының өндірістік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етуі мүмкін.
Экологиялық бағыттағы ұсыныстар да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, шөлейттенуге қарсы күрес, су ресурстарын үнемді пайдалану, кәріз жүйелерін жаңғырту және ақаба суларды тазарту құрылыстарын жетілдіру мәселелері қозғалды. Әсіресе, су тапшылығы мәселесі өзекті болып отырған Атырау өңірі үшін су үнемдеу технологияларын енгізудің маңызы зор.
Білім беру және гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Осы орайда С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында бірлескен білім беру орталығын дамыту, өңіраралық әріптестікті кеңейту және мәдени байланыстарды жандандыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Облыс әкімі Болат Ақшолақов өңір үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, мұнай-химия саласына инвестиция тарту бағыттарының маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге цифрлық технологияларды енгізу, IT-хаб құру және Smart City жобаларын дамыту мәселелері де талқыланды.
– Біз серіктестермен ауыл шаруашылығы, құрылыс материалдарын шығару, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес салаларында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайынбыз, – деді Болат Ақшолақов.
Шын мәнінде, мұндай кездесулердің маңызы тек инвестиция көлемін арттырумен шектелмейді. Бұл – озық технологияларды өңірге әкелу, жаңа өндірістер ашу, жұмыс орындарын құру және жергілікті кәсіпорындардың халықаралық нарыққа шығуына мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Кездесу соңында облыс әкімі қытайлық компания өкілдерін келесі жылдың басында өткізу жоспарланған инвестициялық форумға қатысуға шақырды. Сондай-ақ өңірдің инвестициялық атласы әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл құжат әлеуетті инвесторларға облыста жүзеге асыруға болатын жобалармен, басым салалармен және қолайлы инвестициялық алаңдармен танысуға мүмкіндік береді.
ҚХР Елшісі өз кезегінде аталған ақпаратты мүдделі қытайлық компанияларға жеткізуге дайын екенін білдірді. Тараптар өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша жұмысты жалғастырып, нақты инвестициялық бастамаларды пысықтауға уағдаласты.
Атырау мен Қытай арасындағы әріптестіктің жаңа көкжиектері осылайша айқындала түсті. Ендігі маңызды міндет – бүгінгі келіссөздерді нақты жобаларға айналдырып, оның экономикалық және әлеуметтік нәтижесін өңір тұрғындары сезінетіндей деңгейге жеткізу.
